
Көкшетау қаласында «ArtSport» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде қаржылық заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлімдеді.
Тергеу дерегінше, жеке кәсіпкер 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың қыркүйегі аралығында алты баланың сабаққа қатысқаны жөнінде жалған мәлімет берген.
Алайда балалар іс жүзінде спорт секцияларына бармаған.
«Азаматша жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «ArtSport» бағдарламасына қатысу құқығын алған. Сондай-ақ ваучерлік қаржыландыру арқылы сабаққа қатысу табельдерін және көрсетілген қызметтер актілерін жалған толтырған. Соның негізінде мемлекеттік бюджеттен оның есепшотына ақша қаражаттары аударылған», – дейді прокуратура.
Нәтижесінде мемлекетке 1,4 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен ол 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, сондай-ақ 3 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.



