Әлеумет және қоғам

Арыста 500 теңге үшін екі бауыр соққыға жығылды

Арыс қаласында екі азаматты бір топ жігіт ұрып кеткен. Оқиғаға жарамсыз 500 теңге себеп болған. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді ұстады.

Арыс қаласында екі бауырдың соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғаға 500 теңгелік жарамсыз банкнота себеп болғаны айтылуда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, 16 және 30 жастағы ағайындыларды бір топ жас жігіт ұрып-соққан. Сонымен қатар күдіктілер дүкен ішіндегі заттарды бүлдіріп, кейбір тауарларды алып кеткені хабарланды. Оқиғадан кейін зардап шеккендерді қорқыту үшін ауруханаға барған адамдар болғаны да айтылған.

Бұл жағдайға қатысты Түркістан облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, аудан орталығындағы дүкенде болған жанжал туралы хабарлама полицияға 2026 жылғы 12 наурызда түскен.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қазіргі уақытта іс топпен жасалған бұзақылық фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Белгілі болғандай, екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аясында барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған процессуалдық әрекеттер жүргізілуде.

Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу немесе күш қолдану әрекеттері үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны ескертілді.

Back to top button