
Фото: ашық дереккөз
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов археология саласындағы заңсыздықтар мен жүйесіздікті сынға алды. Бұл туралы ол «Қасқа жол» бағдарламасында айтты, деп жазды qandastar.kz
Депутаттың айтуынша, мемлекет археология саласына жыл сайын мол қаражат бөлгенімен, нақты нәтиже байқалмайды. Аймағамбетов бұл мәселені өзінің кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып көтергенін атап өтті.
«Негізгі мамандығым – тарихшы. Бұл мәселені жақсы білемін. Президент Ұлттық құрылтайда археология саласына қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты Сенаттағы әріптесім Дархан Қыдырәлімен бірге заң жобасын дайындап, Мәжіліске ұсындық. Қазір құжат қаралу үстінде», — деді депутат.
Заң жобасында бірнеше өзекті мәселе қамтылған. Соның ішінде ең өзектісі — «қара археологтар», яғни заңсыз қазба жұмыстарымен айналысатын тұлғалар.
«Біз «қара археологтар» мәселесін шешуді, археологиялық лицензиялардың мерзімін нақтылауды ұсынып отырмыз. Ол бес жылға дейін шектелуі керек. Сонымен қатар темір іздегіш құралдарын пайдалану да заңмен реттелуі қажет», — деді Аймағамбетов.
Ол сондай-ақ археологиялық қазба барысында табылған заттарды ғылыми ұйымдарға дер кезінде тапсыру, лицензия алу талаптарын күшейту және саладағы құқықтық олқылықтарды жою қажет екенін айтты.
«Қазір археологтар джиппен жүріп, миллиондаған қаржы игеріп жатыр. Бірақ нәтижесін көріп отырған ешкім жоқ. Бұрын бұл салада нақты тәртіп болмаған. Енді біз оны жүйелеуге кірістік», — деп түйіндеді депутат.