
Фото: ашық дереккөз
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов «Қасқа жол» бағдарламасында мектеп директорларының жауапкершілігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, мектеп асханасы директорға бағынбайтын мекеме болғанмен, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет (СЭС) тексеріс кезінде жауапкершілікті директорға жүктейді.
«СЭС тексеруге келетінін бір немесе жарты жыл бұрын хабарлайды. Құжатта үш мәселе көрсетілсе, тек соның шегінде ғана тексере алады. Бұл – тиімсіз жүйе. Сол себепті енді біз өзгеріс енгіздік. Енді СЭС дәретхана, балабақша сияқты нысандарды алдын ала ескертусіз тексере алады. Бірақ бірден айыппұл салмайды, алдымен ескерту мен нұсқаулық береді. Егер сол ескертулер орындалмаса, айыппұл қолданады», — деді депутат.
Асхат Аймағамбетов мектеп директорларына салынатын айыппұлдар мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, кейбір жағдайда директорлар мектептің инфрақұрылымдық немесе материалдық кемшіліктеріне байланысты 600–800 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
«Кей директорлар бұл соманы ұжымға жүктеп, мұғалімдерден жинауға тырысады. Бірақ егер мәселе директордың құзіретінде болмаса, ол оны қалтасынан төлеуге міндетті емес. Бұл жағдайда жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі тиіс. Мысалы, апатты мектеп, жетіспейтін жабдық немесе үш ауысымды оқыту сияқты проблемалар жергілікті ведомстволардың құзырында», — деді депутат.
Аймағамбетов бұл мәселелер жүйелі түрде шешілуі үшін білім беру саласына нақты өзгерістер қажет екенін атап өтті.