
Фото: Асқар Ахметуллин
Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздарға қатысты заңнамаға енгізілетін маңызды өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады qandastar.kz. Ол бұл жөнінде өз Telegram парақшасында жазды.
Аймағамбетовтың айтуынша, депутаттар «Педагог мәртебесі туралы» заңға бірқатар түзетулер әзірлеп, Үкіметтің қарауына жіберген. Негізгі мақсат — мұғалімдердің кәсіби міндетін нақтылап, оларға тән емес жұмыстардан босату.
«Мұғалім — мобилограф, блогер немесе чат модераторы емес. Оның басты міндеті – баланы оқыту мен тәрбиелеу», – деп жазды депутат.
Ұсынылған басты өзгерістер мыналар:
- Қағазбастылықты қысқарту. Мұғалімдер енді бір есепті бірнеше жүйеге қайталап енгізбеуі тиіс. «Күнделік», «НОБД» немесе «Bilimland» – кез келген біреуіне енгізілген дерек жеткілікті болады.
- Әлеуметтік желілер — ерікті негізде. Мұғалімдерді Instagram немесе Facebook-та пост жазуға, блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек олардың жеке таңдауы.
- Чаттар мен хабарламаларға шектеу. Ресми байланыс тек мектептің электронды жүйелері немесе пошта арқылы жүзеге аспақ. Мұғалім тәулік бойы чаттарда отыруға міндетті емес.
- Жауапкершіліктің нақты шегі. Мұғалім мектеп аумағынан тыс жағдайға жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Заңда «мұғалімге тән емес функциялар» түсінігі нақты көрсетілмек.
- Мектеп пен ата-ана келісімі. Енді тәрбие мен оқу процесіне ата-аналар да жауапты болады. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімшарттың мәртебесі күшейеді.
- Қорғаныс күшейтіледі. Педагог мәртебесін бұзғандар үшін айыппұл мөлшері өседі. Сонымен қатар мұғалімге қатысты психологиялық немесе физикалық қысым жасауға заң жүзінде қатаң тыйым салынады.
«Біз Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мұғалімдердің ұсыныстары негізінде түзетулер әзірледік. Енді Үкіметтің қорытындысын күтеміз», – деді Аймағамбетов.