Қазақстандағы жаңа уақыт белдеуіне қатысты сын күшейіп келеді. Белгілі журналист Асхат Ниязов бұл өзгерістің қаншалықты қолайсыз екенін нақты мысалмен көрсету үшін Қазақстан-Қытай шекарасына барып, арнайы видео түсірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі halyquni.media парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Журналист Қорғас маңындағы жағдайды көзбе-көз көрсетіп, уақыт айырмашылығы халықтың табиғи өмір ырғағына сәйкес келмейтінін атап өтті.
Асхат Ниязовтың айтуынша, видео түсірілген сәтте Қытайдың Қорғас қаласында жергілікті уақыт 19:41 болған. Күн енді ғана батып, айнала толық қараңғылыққа енбегені анық байқалады. Ал дәл осы уақытта небәрі бірнеше шақырым жердегі Қазақстан аумағында оның сағаты 16:42-ні көрсеткенімен, дала Қытайдағы кешкі жетіден кейінгі уақыттағыдай қараңғы болып тұрған.
Журналист мұндай сәйкессіздікті «абсурд жағдай» деп атап, қабылданған шешімнің қисынсыз екенін айтты.
«Қытайда қазір 19:40, күн енді ғана батты. Ал Қазақстанда — 16:42, бірақ дәл сондай қараңғылық. Бұл не масқара? Тағы қалай түсіндірейін? Бұл шешім — мүмкін болған ең ақымақ шешім», – деді ол видеода.
Асхат Ниязов екі елдің бір-бірінен бірнеше шақырым ғана қашықтықта орналасқанына қарамастан, жарық пен уақыттың мүлде сәйкес келмей тұрғанын көрсетіп, уақыт белдеуін қайта қарау қажеттігін жеткізді.



