
Таразда 19 жастағы қыз жігітімен болған жанжалдан кейін оның көлігін әдейі бүлдіргені үшін әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengri Auto-ға сілтеме жасап.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот істі ҚҚБК-нің 147-бабының 1-бөлігі («Бөтеннің мүлкін әдейі бүлдіру») бойынша қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында бойжеткен жанжалдан кейін жігітінің Kia Sportage маркалы көлігіне зақым келтірген.
«Аяқпен жасалған соққылардың салдарынан ввтокөліктің алды, сондай-ақ алдыңғы және артқы есіктері бүктелген. Көлік иесіне материалдық залал келтірілген», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Қыз өз кінәсін мойындады. Жігіт те шығынды өтеу туралы азаматтық талаппен сотқа жүгінетінін айтқан.
«Сот кінәні мойындауы, істеген әрекетіне өкініш білдіруі және алғаш рет құқық бұзғанын ескерді. Сондай-ақ, айыпталушының қаржылық жағдайына байланысты айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылды», – деді сотта.
Нәтижесінде бойжеткенге 137 мың теңге айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енді.



