
Қоғам белсендісі Абзал Достияр әлеуметтік желіде еліміздегі ақын-жазушылардың қоғамдық мәселелерге қатысты позициясына байланысты өз пікірін білдіріп, үндеу жасады, деп хабарлайды qandastar.kz
Ол Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімі артып отырғанын айтып, соңғы оқиға ретінде журналист Мирболат Мырзатайұлының мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылуын мысалға келтірді. Достиярдың айтуынша, бұл жағдайда ұлтаралық араздық туғызу белгілері болмаған, ешкімге күш көрсетілмеген және ешкім шағымданбаған.
Белсенді өз үндеуінде Қазақстан Жазушылар одағы мен оның мүшелерін де сынға алды. Оның пікірінше, одаққа мүше қаламгерлер елдегі маңызды қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын ашық білдірмей, көбіне үнсіз қалуда.
Достияр қазіргі кезде тіл мәселесі ерекше өзекті болып тұрғанын атап өтіп, зиялы қауым өкілдерінің азаматтық белсенділік танытуы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қаламгерлердің үнсіздігі қоғамның рухани ахуалына да әсер етеді.
“Елдегі маңызды мәселелерде қаламгерлердің белсенді болуы — қоғам үшін аса маңызды. Егер зиялы қауым өз пікірін ашық айта алмаса, бұл биліктің де, қоғамның да дамуына әсер етеді”, — деп жазды белсенді.



