Жаңалықтар

«Асқазаным іріп кетті»: Күніне 3 құты энергетикалық сусын ішкен қазақстандық бастан кешкенін айтып берді

Фото: Stan.kz

Таңат Тілеуқабыл үш ай бойы энергетикалық сусын ішіп ауруханадан бір-ақ шыққан. Дәрігерлер оған “мини инсульт” деген диагноз қойған. Stan.kz тілшісі энергетикалық сусын ішіп денсаулығынан айырылғандардың оқиғасын айтып береді.

Тараздық кәсіпкер Басқар Елеусінов екі жыл бұрын энергетикалық сусын іше бастаған. Жаз айында қатарынан 4-5 ай ішкеннен кейін асқазан-ішек жолдары іріп, гастрит ауруына шалдықты. Қанша емделсе де, асқазаны кейде қатты ауырады.

«Асқазаным әлі де мазалайды. Анда-санда гастрит ұстамасы ұстап тұрады. Өз басыма бәле тауып алдым. Энергетикалық сусынды ішпей тұрып денсаулығым жақсы еді. Қазір диета ұстап, дұрыс тамақтану режимін (ПП) қадағалап жүрмін. Тағы бір жылдан кейін достарым ішіп көр деп ұсынды. Сол кезде ішіп қалып едім, бірден асқазаным жиылып, түйіле кетті. Содан бері бұл сусынды көрсем қорқа қараймын», – деді Басқар Елеусінов.

Ал тағы бір астаналық блогер Таңат Тілеуқабыл желіні жарамын деп, өз өмірімен хош айтыса жаздады. Ол бір блок энергетикалық сусынды сатып алып, оның зиян екенін оқырмандарға дәлелдегісі келген.

«Бір уақытта энергетикалық сусынның 1-2 құтысын ішеп көріп едім, сол күні өзімді жайсыз сезіндім. Контент түсіріп жүргеннен кейін видеомнан өнеге, қандай да бір пайдасы болсын деген мақсатта эксперимент жасап көрдім. 1 блок энергетикалық сусын сатып алдым. Соның бәрін 24 сағатта ішіп бітіруім керек. Сол кезде бірден сусынның 7 құтысын ішіп, әрі қарай есімнен танып қалдым. Жедел жәрдем келіп, олар мені жансақтау бөліміне жеткізді. Денсаулығым оңалғаннан кейін палатаға ауыстырып, 2 апта бойы ем-шара қабылдадым. Асқаным түгелдей бүлінген. Тамақ іше алмадым. 7 келіге арықтап кеттім. Қазір өзімнің жүйке жүйемді зақымдап алдым. Бір нәрсе болса, ашуланып тұратын болдым», – деді Таңат Тілеуқабыл.

Алматыдағы №4 клиникалық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, кейінгі 7-8 жылда энергетикалық сусын салдарынан әртүрлі диагнозбен түсетін науқастардың, әсіресе, жастардың саны күрт өскен. Жарты жылда 25 науқас осы сусынның құрбаны болып, ауруханаға жатып шыққан.

«Жасы 28-дегі науқас өте ауыр жағдаймен, яғни геморогиялық инсультпен түсті. Науқастың ауру тарихын сұрасақ, ол күніне 2-3 құты энергетикалық сусын тұтынған. Өзі ІТ маманы, көп уақытын компьютер алдында өткізгендіктен жиі қабылдаған. Жедел түрде науқасқа нейрохирургтармен операция жасалды. Басына трепоназ жасап, миындағы гемотома алып тасталды. Ер адам бір аптадан аса өкпенің жасанды желдету аппаратында демалды. Қазір динамикалық жағдайда денсаулығы жақсарып келеді. Түскен кезде оң жағында гемипорез, оң жақ қол-аяғы салданған. Ақырындап оған да жан бітіп келе жатыр», – деп түсіндірді №4 клиникалық аурухана директорының хирургия жөніндегі орынбасары Темірхан Қожахметов.

Елімізде жастар энергетикалық сусынды күніне 2-3 құты ішіп, көз жұмып жатыр. Сусынның құрамындағы қант, таурин, кофеин, гуарана, ниацин, фоли қышқылы бар қоспалар адам денсаулығына өте зиян.

Ал аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Магадин Хайроев энергетикалық сусын ішіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалардың бірін айтып берді.

«Биыл жыл басынан бері мынандай бір жағдай болды. Науқас әуежайдан жедел жәрдеммен жеткізілді. Бұл науқастың оқиғасы қайғылы өліммен аяқталды. Науқас әуежайда бір стақан виски ішіп, артынан энергетикалық сусын тұтынған. Содан бірден жүрек аймағы ауырсынған. Ал ол бізге инфарктпен келді. 25 жастағы ол жедел жәрдем бөліміне емес, бірден жансақтау бөліміне ауыстырылды. Оны құтқарып қалу үшін барлық нәрсені істедік. Өкінішке қарай, ол бір күннен кейін көз жұмды. Энергетикалық сусын қаншалықты тез әсер етеді? Одан адам қандай да бар эмоция немесе кайф пен күш алатыны түсінікті. Күніне ек-үш құты ішкен адамға бұл да түк болмайды. Содан ол тәуелділікке ұласады», – деді Магадин Хайроев.

Магадин Хайроевтың айтуынша, мұндай науқастар басқалар секілді кәдімгі тамақ жей алмайды. Осылайша бар өмірі мен уақытын энергетикалық сусынмен ғана өткізеді.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз.

https://youtu.be/Rk32zCTilXo

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close