Жаңалықтар

Әскердегі сарбаздарға жылқы сүті мен етін беру керек — депутат

Бие сүтін өңдейтін зауыттарды жылқы көп шоғырланған өңірлерде ашу керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Аманжол Әлтай айтты,-деп хабарлайды Qandastar.kz

«Жылқы сүтін тереңдетіп өңдеу арқылы қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыру мүмкіндігіміз бар. Жылқы сүтін өңдейтін зауыттар салу жоспарда бар ма? Сүт өңдейтін зауытты жылқы көп шоғырланған Ұлытау, Абай облысы секілді өңірлерде ашқан жөн болады. Бие сүтінің Германияда, Францияда, Қытай елдерінде сұранысы жоғары. Қорғаныс министрлігі сарбаздарымызды бие сүтімен және жылқы еті өнімдерімен тамақтандыру мәселесіне басқа министрлікпен бірлесе мән бергені абзал», — деді А. Әлтай.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздің өңірлерінен бие сүтін өңдейтін кәсіпорын ашуды қарастырып отырғандарға қолдау жасауға дайын екенін айтты.

«Әр облыста бие байлаған адамдар баршылық. Бірақ саумалды өткізу проблемасы бар. Өндірушілер Еуропаға шығара алмай жатқанын айтты. Сонымен қатар, Қытайға өткізуге сұрап жатыр. Атап айтқанда, БАӘ-ге жіберіп жатырмыз. Қытай бағытында шектеуді алып тастадық, қазір реестрге енгізу жұмыстарын атқарып отырмыз. Егер сұраныс болса, зауыт салуды жоспарлаған адамдар бар», — деді министр.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close