Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

«Әскери дайындықтың белгісі»: Журналист Венесуэладағы саяси ахуалды сараптады

Журналист Нұрмұхамед Байғараев Венесуэлада соңғы жылдары қалыптасқан саяси-экономикалық ахуал мен АҚШ-тың әрекеттеріне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол бұл туралы өзінің Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы. 

Байғараевтың айтуынша, Венесуэладағы қазіргі дағдарыстың бастауы 1999 жылы билікке келген Уго Чавестің «XXI ғасырдағы социализм» саясатына барып тіреледі. Чавес 2013 жылға дейін елді басқарды, ал осы кезеңде экономика біртіндеп құлдырап, мұнай экспорты жалпы экспорттың 90 пайызына дейін жеткен.

Журналистің пікірінше, кедейлік, саяси қысым мен қатаң режим салдарынан 6-8 миллионға жуық венесуэлалық елден көшіп кетуге мәжбүр болған. Чавестен кейін билікке келген Николас Модуро елде қатаң саяси режим орнатып, 2025 жылдың соңына дейін жағдай өзгермеген. Оның айтуынша, оппозиция өкілдері мен митингке шыққан азаматтар қамауға алынып, экономикада айтарлықтай оң өзгеріс болмаған.

Байғараев 2025 жылдың қарашасынан бастап АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп Модуро билігінің «қауіпті» екенін халықаралық деңгейде насихаттай бастағанын атап өтеді. Журналистің жазуынша, негізгі айыптаулар Венесуэла билігінің наркокартельдермен байланысы және АҚШ-қа бағытталған есірткі тасымалына қолдау көрсетуі туралы болған. Ол мұны ықтимал әскери араласуға ақпараттық дайындық деп бағалайды.

Сондай-ақ, Байғараев АҚШ әскери кемелерінің Венесуэла жағалауына шоғырлануын, бір танкердің басып алынуын және 2026 жылғы 3 қаңтарда АҚШ арнайы күштері Николас Модуро мен оның жұбайын тұтқындап, АҚШ-қа жеткізгенін атап өтеді. Ол бұл оқиғаны 1989 жылғы Панамадағы операциямен салыстырады.

Журналист Венесуэланың ішкі істер министрінің қарсылық жалғасатыны туралы мәлімдемесіне күмәнмен қарайтынын жазады. Оның пікірінше, ел элитасы мен әскер ішінде АҚШ-пен байланысы бар топтардың болуы салдарынан нақты қарсылық болмаған болуы мүмкін.

Ол бұл операцияны Ирак, Ауғанстан, Ливия және Сириядағы АҚШ әрекеттерімен салыстырып, оны қысқа мерзімді әрі салыстырмалы түрде арзан операция деп сипаттайды.

Сонымен қатар, ол АҚШ билігінің 2026 жылғы 4 қаңтардан бастап Венесуэлада билік ауысып, «жаңа демократиялық сайлауда» Мария Мачадо жеңіске жететінін жариялағанын айтады. Журналист Мачадоның 2025 жылғы Нобель сыйлығының Бейбітшілік саласындағы лауреаты атанғанын және бұл сыйлыққа үміткер ретінде Дональд Трампты басып озғанын да атап өткен.

Осы оқиғаларға қорытынды жасай келе журналист халықаралық құқықтың әлсірегенін айтып, «күшті мемлекет әлсізге өз дегенін істете алады деген принцип өзгермеген» деген пікір білдіреді. Оның сөзінше, мұндай жағдай қайталанбауы үшін дамушы елдер экономиканы дамытуы, армияны күшейтуі және ірі державалармен байланысын нығайтуы тиіс.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button