Жазғы Олимпиада ойындарның қола жүлдегері Дәулет Шабанбай әскери қызметкерлерге шабуыл жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады qandastar.kz
Еске салсақ, оқиға биылғы жылдың қыркүйек айында болған. Кешкі уақытта кафе маңында патруль қызметкерлері шу мен әдепсіз әрекеттерге қатысты шағымдардан кейін Дәулет Шабанбайды тоқтатқан. Куәгерлердің айтуынша, ол мас күйде болған.
Әскери қызметкерлердің ескертулеріне спортшы әуелі балағат сөздермен жауап берген, кейін күш қолдануға көшкен. Ол бір қызметкерді итеріп жіберіп, патруль бастығын теуіп, бет тұсынан ұрған. Үшінші әскери қызметкердің көзіне соққы тиген.
Спортшыны ұстау үшін қосымша наряд шақыруға тура келген. Дәулет Шабанбайды жерге жығып, қолына кісен салған. Ол сотта өз кінәсін мойындап, тек кешірім сұраумен шектелген.
Дәулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтаған. Ол 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін тек 2022 жылы, өзге жүлдегерлердің допингке байланысты шеттетілуінен кейін алған.



