Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, келесі LRT желісі Қосшы бағытына қарай салынады. Бұл бағыт қала жолдарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, деп жазды qandastar.kz
Әкімнің мәлімдеуінше, Қосшыдан күн сайын 15-20 мың автокөлік елордаға кіреді.
«Қосшы – өсіп келе жатқан ірі серіктес қала, ол Астанаға жолдардағы жүктемені азайтуда елеулі көмек көрсетіп отыр. Сондықтан келесі LRT желісін осы бағытта саламыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Жобаның екінші кезеңінде желінің тармақтары Сығанақ көшесі арқылы Тұранға, одан әрі қаланың ескі бөлігіне – теміржол вокзалына дейін жалғасады. Ал Қосшыға баратын бірінші бөлікті бір жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланған.
Қаржыландыру мәселесіне қатысты әкім бұл жобаны қарыз қаражаты есебінен іске асыру мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, Қосшы бағытының бір бөлігі жер үстімен өтетін болады.
«Қазіргі таңда әр таң сайын 50 мыңнан астам адам, әсіресе сағат 08:00 шамасында, Қосшыдан қалаға көлікпен келеді. Бұл Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел даңғылдарына үлкен жүктеме түсіреді», – деп атап өтті әкім.



