Астанадан Ақтауға бағыт алған жолаушылар рейсінде 45 жастағы шетелдік азаматтың қан қысымы күрт көтеріліп, оған ұшақ ішінде жедел көмек көрсетілді. Қолайсыз жағдай әуе кемесі көкке көтерілгеннен кейін шамамен бір сағат өткен соң тіркелген. Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.
Өзін жайсыз сезінген Тәжікстан Республикасының азаматы дәлізде теңселіп, құлай жаздаған сәтте оны Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов байқап, дер кезінде ұстап қалған. Ол бірден бортсеріктерді шақырып, жағдайды бақылауға алған.
«Сол рейспен еңбек демалысымнан Ақтауға ұшып келе жатқан едім. Ер адамның үстіме қарай құлап келе жатқанын байқап, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздей бастадық. Бағымызға орай, дәрігер табыла кетті. Өзіммен бірге үнемі аспирин алып жүретін едім, азаматқа сол дәріні ұсындым. Ұшақ жерге қонғанша азаматтың жағдайын бақылап отырдық. Жалпы мұндай жағдайда кез келген адам көмектесер еді. Мен мұны азаматтық борышым деп есептеймін, – деді Сағындық Аяғанов.
Сол сәтте ұшақта болған «Ана мен бала» орталығының дәрігері Тұрсын Чуйшбаева науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Дәрігер қажетті шараларды қабылдап, жолаушының жағдайын тұрақтандыруға көмектескен.
«Ұшақта ер адамның қан қысымы 220/110-ға дейін көтерілгенін анықтадық. Дәрі беріп, оттегі қосып, жағдайын тұрақтандырдық. Ақтауға қонғанға дейін қан қысымын 135/85-ке дейін түсірдік. Жолаушы басының самай тұсы «қайнаған су құйғандай» ауырғанын айтты. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Белгілі болғандай, ол бір ай бұрын өз елінде осындай жағдаймен ауруханаға түскен, алайда дәрігер кеңесін толық орындамаған. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін созылмалы ауруы бар азаматтар сапарға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені абзал, – дейді дәрігер.
Ұшақ Ақтауға қонғаннан кейін жедел жәрдем бригадасы науқасты ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты екені хабарланды.
«Ұшақ ұшқаннан кейін жағдайым нашарлай бастады. Бір сағаттан соң бетімді жуу үшін дәретханаға беттедім. Алайда дәретханаға жетпей, жүрегім әлсіреп, сол жақ денем жансызданғандай болды. Көзім қарауытып, тыныс алу қиындады. Сол сәтте алдыңғы қатарға қарай құлаппын. Маған көмектескен адамның Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы екенін кейін білдім. Оның маған су беріп, сабырға шақырып жатқаны есімде. Есімді жиған соң мен ол кісіден кешірім сұрадым. Ол «ештеңе етпейді, бәріміз адамбыз ғой, көмектесу парызымыз» – деді. Ұшақ бортында көмек көрсеткен баршаға шексіз ризамын, – дейді жолаушы.
45 жастағы азамат өзіне дер кезінде көмек көрсеткен мамандарға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта жеке кездесіп, алғыс айтқысы келетінін жеткізді.



