
Фото: ашық дереккөз
Астанада 270 млн теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар тобына үкім шықты, деп жазды qandastar.kz
Астанада бір топ адам мемлекеттік жеңілдетілген несие беру бағдарламасын пайдаланып, ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы turkystan.kz хабарлады.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы күдікті әйел ұлының атынан рәсімделген сенімхат арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан жалпы 115 млн теңге көлемінде екі несие алған. Несие «ДАМУ» қорының субсидиясымен берілген мемлекеттік бағдарлама аясында алынған.
Несие алу үшін күдіктілер банкке жалған құжаттар – соның ішінде мүлікті кепілге қоюға қатысты жалған бағалау актілерін тапсырған. Нарықтық құнына сәйкес келмейтін мүлік кепілге қойылып, үшінші тұлғалар тартылған.
2023 жылдың желтоқсанында алаяқтар онкологиялық дертпен ауырған әйелдің атына тағы 155 млн теңге несие рәсімдеп, оның ЭЦҚ-сын заңсыз пайдаланған. Олар жалған келісімшарттар, шот-фактуралар және жұмыс актілерін дайындап, нан пісіру жабдықтарын алғандай көрсеткен. Алайда, жабдық жеткізілмеген, ал ақша жеке кәсіпкерлердің шотына түсіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тіпті, әлгі әйел қайтыс болғаннан кейін де күдіктілер жалған құжаттарды рәсімдеуді жалғастырған.
Іске банк қызметкері де тартылған – ол несиелік өтінімді рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге сыйақы алған.
Тергеу нәтижесінде банкке келтірілген жалпы шығын 155 млн теңге деп бағаланды.
Сот үкімімен күдіктілердің бәрі кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кірістер арқылы сатып алынған:
-
демалыс базасы,
-
2000 шаршы метр жер телімі,
-
Астанадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік
мемлекет меншігіне тәркіленді.



