Астана мен Қарағандыны жалғайтын тас жолда қолайсыз ауа райы салдарынан ірі жол апаты болды.
Қалың боран мен қатты жел көрінуді күрт нашарлатып, бірнеше көліктің тізбектеле соқтығысуына әкелген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жол-көлік оқиғасы 10 наурыз күні шамамен сағат 11:00-де тас жолдың 147-шақырымында, Ошағаңды ауылы маңында тіркелген.
Қарағанды бағытына қарай қозғалып келе жатқан көліктер боран салдарынан бірінің артынан бірі соқтығысқан.
Полицияның мәліметінше, алдымен Chevrolet Nexia көлігі Chery Tiggo автокөлігімен соқтығысқан. Артынша бұл көлікке Toyota Land Cruiser келіп соғылып, кейін жүк көлігі соқтығысқан. Одан кейін апатқа «ҚазАвтоЖолдың» сервистік жүк көлігі мен УАЗ Hunter көлігі де іліккен. Нәтижесінде барлығы жеті көлік қатысқан тізбекті апат орын алды.
Қайғылы оқиға салдарынан Toyota Land Cruiser көлігіндегі жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар УАЗ Hunter жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Белгілі болғандай, апатқа ұшыраған көліктер жол қозғалысына шектеу енгізілгенге дейін жолға шыққан. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция, төтенше жағдайлар қызметі және жедел жәрдем мамандары жұмыс істеуде. Тергеу басталып, апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қарағанды облыстық полиция департаменті жүргізушілерге ауа райы күрт нашарлаған кезде алыс жолға шықпауға және қозғалысқа енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырды.



