Жаңалықтар

Астана мейрамханасындағы қайғылы оқиға: тергеу қозғалыссыз, мекеме сол күйі жұмыс істеп тұр

Блогер Самат Ысқақов елордадағы мейрамханада қаза тапқан студент Маргарита Маевскаяның ісіне қатысты  деректерді жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлайды. 

Оның айтуынша, марқұмның анасы Раиса Маевская бір жыл бойы тергеудің әділ жүрмей жатқанын айтып, әртүрлі органдарға шағымданғанымен, нәтиже шықпаған.

Отбасының айтуынша, өткен жылдың қазанында Маргарита Қабанбай батыр көшесіндегі Jo-Jo барында баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға орны қараңғы болғандықтан, жедел жәрдем қызметкерлері тіпті телефон жарығымен жұмыс істеуге мәжбүр болған. Қыздың алған жарақаты ауыр болып, комаға түскен, кейін қайтыс болған.

«Анасының сөзінше, бұл  жай ғана жазатайым оқиға емес, қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуының салдары. Отбасы баспалдақтың рұқсатсыз, жобасыз және құрылыс нормалары сақталмай салынғанын, ал оқиға орнында жарық, тұтқалар мен қоршаулар болмағанын алға тартады. Бұл жайттар, отбасының айтуынша, бірнеше сараптамамен расталған», — деді блогер facebook парақшасында.

Раиса Маевская тергеу барысында да көптеген сәйкессіздіктер болғанын айтады. Оның сөзінше, кейбір куәгерлердің мәліметтері іс материалдарына енгізілмеген, ал бар иесінің кейінгі түсініктемелері қарама-қайшылыққа толы. Сонымен қатар отбасы полиция мен прокуратура тарапынан “формалды жауаптар” алғанын жеткізеді.

Отбасының айтуынша, оқиға болған бар әлі де жұмыс істеп тұр. Табалдырық кейін жөнделгенімен, марқұмның туыстары бұны мәселенің шешімі емес деп есептейді.

«Мен тоқтамаймын. Біз әділдікті соңына дейін талап етеміз», — дейді Раиса Маевская.

Самат Ысқақов бұл істің қоғам назарынан тыс қалмауы маңызды екенін айтып, жауапты органдарды жан-жақты, әділ тергеу жүргізуге шақырған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button