
Фото: Улысмедиа
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Астана және Алматы қалаларындағы әуежайларда рейстердің уақытында орындалуына мониторинг жүргізуді бастайды. Бұл шешім жолаушылар тарапынан түскен шағымдардың көбеюіне байланысты қабылданды, деп хабарлайды qandastar.kz
Министрлік мәліметінше, соңғы уақытта жолаушылар ұшудың кешігуі, қызмет көрсету сапасы мен әуе кемесінің соңғы сәтте ауыстырылуы секілді мәселелерге жиі шағымдануда.
Осыған байланысты көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңесте әуекомпаниялар мен әуежайлар өкілдері жиналып, проблемаларды талқылады. Кездесуде мынадай мәселелер көтерілді:
- рейстердің жиі кешігуі;
- жолаушыларға дұрыс қызмет көрсетілмеуі;
- ұзын-сонар кезектер;
- әуе кемесінің ауыстырылуы.
Қазіргі таңда ұшақ ауыстырылған жағдайда өтемақы тек бизнес-класс жолаушыларына қарастырылған. Вице-министр бұл тәжірибені қайта қарап, ұшақ ауыстыруға тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, қысқы маусымға дайындық аясында ұшу кестесінің сақталуын күшейту, қызмет көрсету мәдениетін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету бойынша персоналды оқыту тапсырылды. Елордалық әуежайдағы жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуы да басты назарда болмақ.
Жекелеген мәселе ретінде онлайн тіркелу қолжетімділігі қаралды. Мәселен, Fly Arystan компаниясында онлайн тіркеу 30 күн бұрын басталғанымен, әуежайда тіркелу ақылы. Бұл егде жастағы адамдар мен мүгедектерге қиындық тудырады. Министрлік осындай жолаушыларға қолайлы балама қызмет көрсету жолдарын әзірлеуді тапсырды.
Енді алдағы екі апта бойы авиациялық әкімшілік инспекторлары Астана мен Алматы әуежайларында рейстердің орындалуын, кешігулердің себептерін және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын бақылап, сауалнама жүргізеді.