Астананың Еуразиялық ұлттық университетінде және Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында екі студенттен туберкулёз анықталғаны белгілі болды. Ақпаратты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі растады.
Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымға келген оқырмандардың мәліметінше, Алматыдағы консерваторияда студенттің туберкулёз диагнозы расталған. Оқырмандардың айтуынша, ауру шамамен екі апта бойы созылған. Дегенмен, оқу орны әдеттегі режимде жұмысын жалғастыруда, карантин енгізілмеген, қашықтан оқыту қарастырылмайды.
Сонымен қатар Астанадағы ЕҰУ студенттерінің бірінде де ашық түрдегі туберкулёз анықталғаны туралы хабар келді.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта екі студент те ем қабылдап жатыр және жағдайы қанағаттанарлық. Олар оқу орындарына бармайды, эпидемиологиялық қауіп төндірмейді және амбулаторлық жағдайда емделуде.
Министрлік атап өткендей, туберкулёз карантин енгізуге негіз болатын аурулар тізіміне кірмейді. Сондықтан университеттерде оқу процесінде ешқандай шектеулер қолданылмайды.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Қазақстан бойынша жоғары және орта оқу орындарында 280 студенттен туберкулёз анықталған.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдегендей, елімізде шамамен 800 мың бала қауіпті ауруларға қарсы вакцина алмаған. Соңғы 5-7 жылда ата-аналардың вакцинадан бас тартуы салдарынан халық арасында иммундау деңгейі төмендеген.



