Астанада өткен айда 16 жастағы қызды зорлап, өлтірген жасөспірімдер тобына қатысты қылмыстың егжей-тегжейі белгілі болды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Сенаттағы жиында айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, қайғылы оқиға 18 қараша күні болған. Бір топ жасөспірім пәтер жалдап, дүкеннен жас мөлшеріне қарамастан алкоголь сатып алып, ішімдік ішкен. Сол түні адам шошырлық қылмыс жасалған.
Астанада 18 қарашада 16 жастағы жастар пәтер жалдап, дүкеннен спирттік ішімдік алған. Кейін 16 жастағы қызды аяусыз зорлап, өлтірді. Бұл өткен айда болған оқиға, – деді Санжар Әділов.
Вице-министр бұл трагедияны мысалға келтіре отырып, жасөспірімдерге алкоголь сатуға қатысты талаптарды күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, кей кәсіпкерлер пайда үшін заңды бұзып, 21 жасқа толмағандарға ішімдік сата береді. Бұл – ауыр қылмыстарға әкелетін тікелей қауіп.



