ДенсаулықЖаңалықтар

Астанада 3 жасар қыздың өлімінен кейін ел бойынша 622 тіс емханасы тексеріліп жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ел бойынша тіс емханаларында жүргізіліп жатқан жаппай тексерістер туралы жазба жариялады, деп qandastar.kz сайты Tengri Health-ке сілтеме жасап.

Ол Бас прокуратураның талабына сәйкес республика бойынша стоматологиялық ұйымдарда жоспардан тыс тексерістер жүріп жатқанын атап өтті.

Барлығы 622 медициналық объект тексерілуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 290 тексеру тіркелген, 135-і аяқталды, 103-і жұмыс барысында, 52-сі тіркеуден алынды (клиникалар факті бойынша жұмыс істемейді), ал 26-сы тіркеу сатысында. Прокуратура жолдаған 316 объектінің ішінде 34 клиника ГОБМП/ӘМСҚ аясында қызмет көрсетеді, ал 282 клиника тек ақылы түрде жұмыс істейді, – деп жазды министр.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы уақытта министрлікке көптеген ата-аналардан балаларға жалпы анестезиямен (наркозбен) бірден көптеген тісті емдеу фактілеріне қатысты шағымдар жиілеген. Әсіресе, жеке тіс емханалары бұл тәжірибе кеңінен таралып барады.

Балаларды толық наркозбен емдеу – өте күрделі медициналық процедура. Ол тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана жасалуы тиіс. Мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, арнайы жабдық, анестезиологиялық және реанимациялық көмектің барлық стандарттарын сақтау қажет. Клиника мемлекеттік пе, әлде жеке ме бәріне ортақ талап бірдей, – деді министр.

Ол жалпы анестезияның «ыңғайлы опция» емес, аса сақтықты талап ететін ауыр процедура екенін ескертті.

«Ұзақ наркоз және бір мезетте көптеген тісті емдеу баланың жүрек-қан тамыр, тыныс алу және жүйке жүйесіне қосымша қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, кей клиникалар ата-аналарға “барлық тісті бірден жөндеп береміз” деген коммерциялық ұсыныстар жасайды. Бірақ мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштермен ғана негізделуі тиіс», – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

Министр ата-аналарды мұқият болуға шақырды:

«Осындай процедураларға келісім берер алдында оның барлық тәуекелі, көрсеткіші және өткізу шарттары толық әрі ашық түрде түсіндірілуі қажет. Баланың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі бұл принципті қатаң сақтайды», – деді ол.

Еске сала кетсек, былтырғы жылдың қазан айында Астанада тіс емдетуге барған 3 жасар бала жекеменшік стоматологияда көз жұмды. Оның 18 тісін наркозбен емдеген, содан кейін ол оянбаған.

Қазір сот өтіп жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button