Жаңалықтар
Астанада әкімдік өкілі педофилді әшкерелеу акциясына тосқауыл болған

Фото: freepik
Астанада әкімдік қызметкері «Жаңа адамдардың» 124 науқанына кедергі келтірді.
Әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері «Жаңа адамдар» қозғалысының 124 азаматтық науқанына араласып, олардың жұмысына кедергі жасағаны белгілі болды, деп жазды qandastar.kz
124 науқанының белсенділері соңғы бір жыл бойы ай сайын қоғамға балаларды жыныстық мақсатта пайдаланғысы келетіндерді әшкерелеп, құқық қорғау органдарына деректерді беріп келеді. Белсенділердің айтуынша, кезекті шара Астанадағы кинорумдардың бірінде жоспарланған.
Әлеуетті педофил кездесуге келмей қалғанымен, бұл жолы жағдай өзгеше өрбіген.
Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, іске Есіл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Али Жолтабар араласқан.
Белсенділердің камерасына оның кинорум иесімен әңгімесі жазылып қалған. Жазбада Жолтабар «Менің оларға қатысым жоқ, мен оларды аңдып жүрмін, біз бұл акцияның алдын алдық» деген. Оның сөзінше, күдікті кинорумға жетпей тұрып ұсталған.
— Қоғамдағы қауіпсіздік тек әлеуетті қылмыскерлерді ұстауда емес, өзара құрмет пен тең серіктестікте жатыр. Ал әкімдік өкілдері азаматтық бастаманы қарсылас ретінде көруді тоқтатуы керек, — дейді қозғалыс белсендісі Қуаныш Алмат.
Оның айтуынша, балаларды қорғау барлығына ортақ міндет, ал белсенділер әлеуетті педофилдерді анонимділіктен айырып, қоғам назарын аударуды жалғастыруды жоспарлап отыр.