Әлеумет және қоғам

Астанада студенттерге арналған симуляциялық сот арқылы есірткі қылмысы түсіндірілді

Астанада университет студенттері есірткі саудасына қатысты симуляциялық сот процесіне қатысып, заң алдындағы жауапкершілік пен қылмыстың қауіптілігін тәжірибеде көрді. Іс-шараға онлайн форматта мектеп оқушылары да қосылып, алдын алу жұмыстары кеңейтілді.

Астанада жеңіл жолмен ақша табуды ойлаған студент есірткі саудасына қатысқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл іс жастарға сабақ болсын деп университетте симуляциялық сот формасында көрсетілді. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі мен прокуратурасы “Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында ұйымдастырды.

Сот процесінде студенттер қорғаушы, мемлекеттік айыптаушы және куәгер рөлдерін ойнап, қылмыстық істің қаралу барысын тәжірибеде көрді. Онлайн қатысу арқылы мектеп оқушылары да алдын алу шарасына қосылды. Процесс барысында айыптау, дәлелдерді қарау, қорғау және үкім шығару кезеңдері толық көрсетілді.

Сарыарқа аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Сұлтан Ерубай шараның негізгі мақсаты – студенттерге сот процесін көрсету және есірткі қылмыстарының қауіптілігін түсіндіру екенін атап өтті.

Студент Аяулым Әсемхан симуляциялық соттың жастарға үлкен әсер беретінін айтып, болашақта мұндай тәжірибелік сабақтардың көбеюін ұсынды. Мамандардың пікірінше, көзбен көрген тәжірибе құрғақ ескертуден әлдеқайда тиімді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстандықтар шетелде де есірткі саудасына тартылғаны үшін ұсталған жағдайлар болған. Мысалы, Шымкенттің экс-әкімінің жиені Таиландтан есірткі жеткізуге әрекет жасаған деген күдікке ілінген еді.

Толығырақ: stan.kz

Ұқсас Мақалалар

Back to top button