Жаңалықтар
Астанада тағы да автобус апатқа ұшырады

10 маусымда Астанада автобус пен жеңіл автокөлік қатысқан жол-көлік оқиғасы орын алды. Автобустың екі жолаушысы зардап шекті, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Бұл жолы Toyota автокөлігінің жүргізушісі бұрылу кезінде автобус қозғалыс жолағына шығып кеткен.
Астана қалалық ПД мәліметінше, Toyota автокөлігінің жүргізушісі Республика даңғылы бойымен келе жатып, оңға бұрылу кезінде маневр қауіпсіздігіне көз жеткізбей, Iveco маркалы маршруттық автобуспен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобустың екі жолаушысы дәрігерлік тексерістен кейін үйлеріне жіберілді. Қазір тексеріс жүргізілуде», – деп хабарлады полиция департаментінен.
Сонымен қатар, елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы да жол апаты кезінде екі ересек пациент жедел жәрдем желісі арқылы Батпенов Н.Д. атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына әртүрлі жеңіл жарақаттармен жеткізілгенін хабарлады.
Айта кетейік, осы Республика даңғылында 2 маусым күні ірі жол апаты болып, бірнеше адам зардап шеккен еді.