Жаңалықтар

Астанада танымал тренер шәкіртін аяусыз соққыға жыққан

Фото: ашық дереккөз

Астанада жаттықтырушы шәкіртін аямай соққыға жыққан, деп хабарлайды qandastar.kz

Бұл туралы зардап шегушінің ағасы Liter.kz редакциясына хабарласқан.

Астана тұрғыны хабарласып, бауыры ауыр жарақаттармен ауруханада жатқанын, оған жаттықтырушысы шабуыл жасағанын айтты.

Дамир есімді азаматтың айтуынша, оқиға 29 наурыз күні таңертең болған. Оның інісі спортзалға барған, ол жерде өзі жаттығып қана қоймай, массажист болып та жұмыс істейтін.

“Бұл қорқынышты оқиға біздің отбасымыз үшін үлкен соққы болды. Қазір дәрігерлер оның денесіндегі барлық жарақаттарды тіркеп, толық тексеру жүргізді. Замир дәрігерлердің бақылауында, біз оның денсаулығы үшін қатты алаңдаймыз… МРТ мен рентген нәтижелері қабырғасының сынғанын және миы шайқалғанын көрсетті. Сонымен қатар, басына және денесіне көптеген соққылар тиген. Ол қатты ауырсыну салдарынан қозғала алмайды, дәрігерлер катетер орнатуға мәжбүр болды”, – деді Дамир.

Сонымен қатар, зардап шеккен жігіттің ерні ішкі жағынан жыртылған.

“Ең сорақысы, мұның бәрін Замир сенім артқан, құрметтеген және көмектескен адам жасады… Замир – өте сабырлы, ұстамды жігіт, ешқашан жанжалға бармайды, үнемі тыңдап, байыппен қарайды. Ол жаттықтырушыға бірде-бір соққы тигізбеген, ал жауап ретінде 20-дан астам соққы алған. Тіпті, оны тұншықтырмақ болған… Жаттықтырушылар бұлай әрекет етпеуі керек”, – деп ашынды Дамир.

Зардап шеккен тараптың айтуынша, жаттықтырушы – танымал адам, ол IronMan (ұзақ қашықтағы триатлонға қатысушы) мәртебесінің иегері.

Жақындары бұл оқиға бойынша полицияға арыз түсірген.

Instagram желісінде бұл оқиға қызу талқыланып, көпшілік жаттықтырушының қатаң жазалануын талап етуде:

  • “Толықтай келісемін! Ақыл-есі дұрыс адам бұлай жасамайды.”
  • “Не болғаны маңызды емес, бастысы – бір адам екіншісінің қолынан ауыр жарақат алды. Бұл жазасыз қалмауы керек.”
  • “Неткен сұмдық! Қандай жанжал болса да, ол адамға қол көтеруге құқылы емес! Оның үстіне осыншалықты қатыгездікпен сабаған!”

 

Liter.kz редакциясы Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау жолдады.

“Бұл факт бойынша Астана қаласы Нұра ауданы полиция басқармасы ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі – “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады”, – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша құқықтық шешім қабылданады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close