Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста прокурорлар оқиға орнында түсірілген фотосуреттер мен Google Maps-тегі панорамалық кадрларды сот назарына ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Бұл материалдар зардап шеккендердің қозғалыс бағытын және тұрғын үй қасбетінің құлаған аумағын нақтылау үшін көрсетілген.
Сотта қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен әйелдердің бірі жәбірленуші ретінде жауап берді. Оның айтуынша, сол күні құрбысымен бірге ауладан дүкенге қарай өтетін жолмен келе жатқан. Осы кезде ғимараттың қасбеті опырылып түскен.
Жәбірленуші құрбысының үйінді астында қалғанын айтып, оны өтіп бара жатқан адамдардың шығаруға тырысқанын жеткізді. Алайда бір әйел зардап шеккен адамға тимеуді сұраған. Сондықтан кірпіштер аздап қана алынып, жедел жәрдемнің келуі күтілген.
Оның айтуынша, қасбет екінші рет құлаған кезде кірпіштермен бірге сыртқы кондиционер блогы мен металл конструкциялар да төмен түскен.
Мүлік иелері бірлестігіне қатысты сын айтылды
Сотта жәбірленуші тарап тұрғын үйдегі қауіпсіздік шараларының сақталмағанына МИБ басшылығы жауапты болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жәбірленушінің сөзінше, МИБ басшылығы бірнеше ай ішінде нысанды тиісті деңгейде тексермеген. Оның пікірінше, қауіпті өткелді уақытша жабу арқылы адамдарды қорғауға болар еді. Себебі бұл жолмен күн сайын тұрғындар мен балалар жүріп өтеді.
Сот отырысында іске қатысты тұлғалардан жауап алу жалғасып жатыр.
Іс бойынша үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға Қылмыстық кодекстің «міндеттеріне адал қарамау» бабымен айып тағылған. Айыпталушы өз кінәсін мойындамайтынын және тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашасында Астанада қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған кезде көпқабатты үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 18 қарашада фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.



