Астанада төтенше жағдай кезінде ауыр жарақат алған жас фельдшердің өмірі үшін бірнеше күн бойы күрес жүргізілді. Алайда дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыра алмады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Qandastar.kz
Ресми мәлімет бойынша, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан 8 қараша күні шақыртуға барған кезде тұрғын үй кешенінің қасбетінен құлаған кірпіш пен кондиционердің бір бөлігі басына соғылып, ауыр жарақат алған. Ол сол сәтте бір емес, бірнеше адамды қиранды арасынан шығарып үлгерген.
Марқұмның жұбайы Әділет Зейнелдің айтуынша, Ұлдана үшінші зардап шеккен адамға көмектеспек болғанда, жоғарыдан құлаған құрылғы оған тура түскен. Жедел жәрдем бригадасы әріптесін дереу ауруханаға жеткізген. Фельдшер жансақтау бөлімінде бірнеше күн бойы ес-түссіз жатқан.
Дәрігерлер барлық қажетті ем-шараларды жасағанымен, оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмады. Ұлдана 18 қарашада көз жұмды.
Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем қызметінде бес жыл бойы еңбек еткен. Жақындарының айтуынша, мамандығы қауіпті болғанына қарамастан, ол өз ісін ерекше жақсы көрген. Жас фельдшердің осыдан бірнеше апта бұрын ғана шаңырақ көтергені белгілі.



