Астанада жедел медициналық жәрдем бригадасының фельдшерін ұрған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Qandastar.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Анықталғандай, жедел жәрдем бригадасы сауда орталығына шақырту бойынша барған. Сол жерде мас күйде болған екі ер адам болған, олардың бірі өзін жайсыз сезінгенін айтқан.
Медициналық қызметкерлер қажетті тексеру мен көмек көрсеткеннен кейін оқиға орнынан кетуге дайындалған кезде, ер адамдардың бірі агрессивті әрекет жасап, фельдшерге соққы жасаған.
Куәгерлер полицияны шақырып, күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция маңызды әлеуметтік қызмет атқарып жүрген жедел қызмет өкілдеріне қатысты агрессия мен күш қолдану әрекеттері қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді.
Қазақстанда медициналық қызметкерге немесе жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолдану бойынша жауапкершілік күшейтілген. 7 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы күшіне енді. Аталған бап бойынша айыппұлдан бастап, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



