Әлеумет және қоғам

Астаналық тұрғын бастығының көліктерін сатып, киллер жалдап өлтірмек болған

Фото: видеодан кадр
Астанада бастығының 18 көлігін сатып жіберіп, мұны жасыру үшін оның көзін жоюға тапсырыс берген жігіт сотталса да, жәбірленушінің мүлкі өзіне қайтарылмаған. Сотталушы машиналарды заңсыз жолмен арзан бағамен таныстарына сатқан көрінеді. Кейін олар да үстіне ақша қосып, көліктер өзге адамдардың қолына өткен. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Сергей Литвинцев Астанада көліктерді жалға берумен айналысады. Ол былтыр қазан айында бір өлімнен аман қалған. Сенімге кірген қол астындағы қызметкер киллер жалдап, оны өлтіруге тапсырыс береді. Сөйтіп қылмыскер жәбірленушіге тиесілі көліктерді заңсыз сатқанын жасырмақ болған. Ол автопарктегі 31 машинаның 18-ін өз таныстарына нарықтағыдан арзан бағаға ұсынып үлгерген.

Сергей Литвинцевтің айтуынша, қызметкері жалған бұйрық шығарып, оның атынан сенімхат жасап алған.

«Өзі бұйрық шығарып, менің атымнан сенімхат жасап алған. Сосын көліктерді өз атына аударып, өзге адамдарға сатқан. Біз машинаны 6-7 миллион теңгеге алсақ, ол 3-4 миллион теңгеден саудалаған. Сөйтіп менің компанияма тиесілі көліктер бірнеше адамға сатылып кеткен», – деді кәсіпкер.

Өкінішке қарай, кәсіпкер мүлкін қайтара алмай әлекке түскен. Сотқа жүгінгенімен, онда машиналарды қазіргі иесіне қалдыру туралы шешім шығарылыпты. Ал кәсіпкер эконом-класc көліктерді сатып алу үшін қомақты несие алған. Тіпті үйін де кепілге қойыпты.

«Көліктердің бір бөлігін өз ақшама, қалғанын несиеге алғанмын. Ай сайын 1 миллион 400 мың теңге төлем жасап отырмын. Үйіміз де кепілде тұр. Осы жағдайдың кесірінен банкроттың алдында тұрмыз», – деді Сергей Литвинцев.

Айта кетейік, қылмыс былтыр қазан айында әшкереленген. Кәсіпкер өзін өлтіруді жоспарлап жатқанын естіп полицейлерге хабар берген. Сөйтіп тапсырыс беруші мен киллер қылмыс үстінде құрықталды. Олардың бірі 12 жылға, екіншісі 10 жылға сотталған.

Ал заңсыз сатылған көліктердің ісі бөлек қаралыпты. Онда машиналарды сату жөніндегі бастапқы келісімдер заңсыз деп танылғанымен, кейінгі сатып алушылардың еш кінәсі жоғы дәлелденген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бұл жағдайда жауапкерлер қылмыскердің арам пиғылы туралы білмегенін айтады.

«Жауапкерлер қылмыскердің арам пиғылы туралы білмеген. Олар көлікті сатып алмас бұрын әбден тексерген, құжаттарын зерттеген, мүліктің кепілде тұрмағанына көз жеткізген. Олар қазір көліктің заңды иелері. Талапкер кейінгі сатып алушылардың автокөліктерді заңсыз иемденгені туралы дәлелдер ұсынған жоқ», – деді Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Ал өз компаниясына тиесілі көліктердің сатылуына ешқандай келісім бермеген кәсіпкер сот шешімімен мүлдем келіспейді. Оның ендігі үміті — апелляциялық сот. Кәсіпкер әділдік орнап, 18 машина өзіме қайтарылса дейді. Оған келген жалпы шығын 80 миллион теңге.

Еске салайық, бұған дейін батысқазақстандық полицейлер жедел іс-шаралар барысында Батыс Қазақстан облысында полиция тапсырыспен кісі өлтірмек болған адамның жолын кесті. Қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен облыстың екі тұрғыны ұсталды. Ал тапсырыс беруші күйеуімен мүлікті бөліскісі келмеген әйел екен. ​Күдіктілерден олардың кінәсін растайтын заттай дәлелдер тәркіленді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close