Жаңалықтар

«Ата-ана құқығынан айыру қаралып жатыр»: Жетісу облысында баласын аямай ұрған әйел ұстау изоляторына қамалды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баласын жылу батареясына байлап, бар күшімен ұрып-соққан әйелдің оқиғасына қатысты мән-жайды түсіндірді. Ведомство қазір балалардың қауіпсіз жерде екенін, ал анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, балалар қауіпсіз жерде, олардың жағдайы тұрақты.

Зардап шеккен балаға қажет медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ балалармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Балалардың анасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қорғаншылық органдары оны ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарайды, – делінген хабарламада.

Жағдай Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті арқылы өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында екені хабарланды.

Сонымен қатар, Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, ұсталған әйелдің жасы 28-де. Оның айтуынша, қорғаншылық органдарына оны ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс жолданады.

Еске салсақ, қазақстандық әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрып-соққаны туралы хабарлаған едік.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button