Әлеумет және қоғамОралман куәлігі
Атың өшкір «Оралман»
Әлемнің түкпір-түкпірінде, Қазақстаннан тыс аумақта тұрып жатқан қазақтардың барлығы бір қандас, өзіміздің қара көзіміз. Қаны бір қазақ баласы деген сөз. Алайда, сол қандас ертең елге оралса, Отанына оралғаны үшін «оралман» болып шыға келетіні бар. Тіпті, сөздік қордың «теңдессіз» жаңа сөзбен толыққаны үшін де қуана жар салып едік жаһанға. Жақсы әрине, оралман деген абройлы мәртебе болса. Бастапқыда солай болған да шығар. Алайда, жылдар өте келе ұлтты екіге жарып, «оралман-жерлік» боларлық жік салып қойғаны тағы бар. Тіпті, оралман десе мүсіркей қарау қалыптасқалы қашан?…
Өзгесін қайдам мемлекеттің өзі шеттен келген қандастарға бір жапырақ қағаз беріп, оралман мәртебесіне заң бойынша кепілдік етеді. Ол туралы Уикипедия бүй депті. «Оралман – жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары.
1997 жылдың 13 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының “Халықтың көші-қоны туралы” заңының 1-ші бабына сәйкес оралмандар дегеніміз – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шетінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар:
Оралмандар мәртебесі
1997 жылдың 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының “Халықтың көші-қоны туралы” Заңының 14 бабына сәйкес оралман мәртебесі басқа елдерден көшіп келушілерге беріледі.
Оралмандар – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шетінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар.» Осылайша «оралман» атауы заң бойныша бекітіп те алдық. Сондай-ақ, заңда «азаматтық алған адам оралман емес» – деп көрсетілген. Онда ҚР азаматтығын алғанына 20 жыл толса да, әліге дейін «оралман » аталып жүргендер қайдан шықты? Демек, «сүтпен біткен, сүйекпен кетеді.» Оралман мөрі басылғандар өле-өлгенше «оралман» болып қала береді.
Бұрындары қандастар көшіп келген ел-жеріне байланысты; «моңғолдар», «өзбектер», «қалпақтар» және «қытайлар» болып атала беретін. Және оған көндіккені сонша, өзді-өзін де солай атайтындар да табылды.
Қош, делік! Біз мұнымен мемлекетті айыптаудан аулақпыз. Еліміз тәуелсіздік алып, егеменді ел болды. Есін ғана емес, ұлтын, әлемнің әр қиырынан ұлы көшін де жиды. Оны заң бойынша мәртебелеп, құқықтарын, қажеттіліктерін қанағаттандыруды, ҚР азаматымен тең, тіпті одан да артық қорғауды һәм қолдауды мақсат етті. Оралман мәртебесі арқылы қандастарды шетелдіктерден өзгеше сыйпатта, айрықша заңдармен құқықтарын қамтамасыз етуді көздеді. Және сол мақсатта бүгінге дейін қызмет етіп келеді. Алайда, соңғы жылдары көші-қон туралы заң мен аудан-аудандағы көші-қон бөлімшелерінде қызмет етіп жатқан тұлғалардың қандастарды қабылдауы әр алуан. Бір Қазақстанның өңір-өңірінде жеке-жеке заң қабылданған сияқты. Бірінде жоқты екінші өңірден естіп жатамыз. Қисынға сыймайтын анықтамалар мен құжаттар легі, тіпті осы оралман куәліктің жырының өзі қандастардың бір басына жетеді. Кейбір аудандар «оралман» мәртебесі арқылы қандастар құқығын қорғағанның орынына қорлап отырғанын есітіп жүрміз. Керек десеңіз нақты дәлелдер де бар. Дәл осы оралман куәлігі қолдарына тимей әуре-сарсаңға салынып, көші-қон бөлімшесінің табалдырығын күнде тоздырып жүргені қаншама? «Күнде ертеңмен» шығарып салатын басшылардың құрғақ уәдесінен қажығандар бір төбе. Оған күйкі тірлікте қарбаласып жүріп, әр алуан себептермен аталған куәліктің уақытын өткізіп алатындарды қосыңыз. Оралман мәртебесі бір-ақ рет берілетінін (Мына жерде: https://qandastar.kz/?p=616 ) және сол куәліксіз ҚР азаматтығын ала алмайтынын ескерсеңіз, «билік пен халық арасындағы алтын көпір» – делдал біткеннің қалтасын қампитудан басқа шығар жол жоқ дегенге сене беріңіз. Сондықтанда мыңдаған қандастың ҚР азаматтығын ала алмай жүргенін естігенде «атың өшкір «Оралман» – демеске ләж жоқ.
Қазір әлемнің қым-қуыт тұсы. Соғыс қайдан, қалай тұтанады? Қай мемлекет шырқау шыңынан құлдыйлай құлайды екен? – деген күдік пен «сақтық» басым тұста, елімізге ауыз біршілік пен біте қайнаған береке-бірлік керек. Ұлт болып ұйысу үшін де осы «оралман» атауы мен мәртебесін тарих қойнауына бір жолата аттандырған абзал сияқты. Қазақ республикасына адам капиталы, соның ішінде ұлт басымдылығы ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, оралмандарды бейімдеу, жұмыспен қамту, елге сіңіру және ҚР азаматтығын еш кедергіліксіз алу жолдарын мемлекет өз мойынына алу керек. Сонда ғана «өзім» – деп келген, өзегі жаралы өз баурыңды бауырыңа баса аласың. Қазірде қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп жатқан ізгі ниетті топтар мен ұйымдар, жекелеген тұлғалар жетерлік. Бірақ ол аз. Заңдық құжаттай қауқарлы болмайды. Президент айтқан әр бір ұсынысты іліп әкету атқарушы органның бұлтартпас міндеті емес пе? Сонау жылдағы «Отаныңа орал қазағым!» – деген Елбасының көрегендігі жалпақ жұртқа аян. Енді соны нақты іспен, заң жүзінде жүзеге асыру, бүгінгі үкіметтің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі болар еді. «Рухани жаңғырудың» кедергісіз кепілі іспеттес болмас па еді.
Қорыта айтқанда:
1- «оралман» сөзін сөздік қордан алып тастасақ;
2- «оралман» мәртебесін заңдық жүйеден алып тастасақ;
3- «оралман» ұғымын ұлттық санадан алып тастасақ, біз ешқашан бөлінбес едік. Жеңілмес те едік. Берекеміз артып, бірлігіміз жасасын!
Құрметолла МХАМЕТХАНҰЛЫ, «qandastar.kz» үшін