
Атырау облысында бірнеше ай бойы із-түссіз жоғалған Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Бұл туралы тергеу органдары хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдардың денесі Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында орналасқан үйдің ауласынан шыққан. Аталған үйді бұған дейін қылмысқа күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге жалға алғаны белгілі болды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер жақында Алматы қаласына жеткізілген. Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемәлиев екі адамның өліміне қатысы барын мойындап, олардың денесін бұрын жалға тұрған үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Осы мәліметтен кейін Атыраудағы тергеу тобы көрсетілген аумақта қайта тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде мәйіттер табылды.
Еске салайық, екі тұрғынды іздеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Іздеуге полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары тартылып, арнайы жедел штаб құрылған. Үй мен оның айналасындағы аумақ арнайы техниканың, соның ішінде жер қабатын сканерлейтін радардың көмегімен тексерілгенімен, алғашқы іздестіру кезінде нәтиже шықпаған еді.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.



