Атырауда әйелін оқтаумен басынан бірнеше рет ұрып өлтірген 41 жастағы адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты ozgeris.info-ке сілтеме жасап.
Үкімді Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Тыныштық Нуримова оқыды.
Атап айтқанда, сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1 бөлігі «Адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату» бойынша кінәлі деп танылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Жаза өтеу мерзімі 2025 жылдың 19 тамызынан есептеледі. Уақытша ұстау изоляторында отырған әр күні жазасын өтеу кезінде 1,5 күн болып есептеледі.
Айыпталушы соңғы сөзінде марқұмның ата-анасынан, жақындарынан және туған 2 қызынан кешірім сұрап, қатты өкінетінін жеткізді.
Айта кетсек, бұл оқиға 2025 жылдың 19 тамызында болған еді. Ерлі-зайыптылар ішімдік ішіп, кейін жанжалдасқан. Ер адам әйеліне қызғаныш сезімін білдіріп, ас үйдегі оқтаумен аяусыз ұрып тастаған. 40 жастағы келіншек есін жимастан қайтыс болды.


