Атырауда жекеменшік балабақшада бір жасар баланы ұрып-соқты деп айыпталған тәрбиешінің бұған дейін сот жауапкершілігіне тартылғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты балабақша басшылығы растағанымен, оның қандай бап бойынша сотталғаны жарияланбады, дейді Qandastar.kz сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Балабақша директорының айтуынша, 27 жастағы тәрбиеші жұмысқа орналасу кезінде соттылығы жоқ екені көрсетілген анықтама ұсынған. Алайда кейін құжаттың 2025 жылы берілгені анықталған. Басшылық анықтаманың мерзіміне тиісті назар аудармағанын мойындады.
Тәрбиеші балабақшада шамамен екі ай жұмыс істеген. Директор оның бұрын балаларға қатысты осындай әрекетке барғанын байқамағанын айтты.
Жекеменшік балабақша үш ай бұрын ашылған. Қазір онда 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Оқиғадан кейін зардап шеккен баланың ата-анасы балабақша басшылығы да балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін жауап беруі керек деп есептейді.
Атырау облысының полиция департаменті бұл факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.



