Атырау облысында әлеуметтік желіде тараған қатыгез бейнеден кейін 21 жастағы жігіт жауапқа тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол бойжеткенге күш қолданып, болған жағдайды тікелей эфир арқылы көрсеткен.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазбада ер адамның 19 жастағы қызды мәжбүрлеп сөйлетіп, оған қол көтергені байқалады. Кадрларда қыздың беті жарақат алғаны анық көрінеді.
Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеп, тиісті сараптамалар жүргізген.
Сонымен қатар, 9 наурыз күні Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында күдіктінің әрекеттері қаралды. Сот оны ұсақ бұзақылық және қоғамдық орында мас күйде болу баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен ер адам 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.



