
Атырау облысында бірнеше ай бойы із-түзсіз жоғалған ағайынды Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттері табылған орын көрсетілді.
Журналист Жанат Молдашова күдіктілер тұрған үйдің ауласын көрсетіп, бейресми ақпарат пен ресми деректердің бір-біріне сәйкес келетінін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Бізде бейресми ақпарат пен ресми хабар бір-біріне 100 пайыз сәйкес келеді. Бұл – күдіктілер жалдап тұрған үй. Осының іргесі мен бағана арасынан “марқұмдардың сүйегі табылды” дейді. Дәл осы жер бұған дейін қазылған. Дәл кеше қазылды деп айта алмаймыз. Күні кеше қазылғанға ұқсамайды», – деді журналист Жанат Молдашова.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, сүйектер табылған ауладағы үйде күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев әйелімен бірге тұрған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Полиция оқиғаның толық мән-жайын анықтауға кіріскен.
Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен. Кейін олардың екеуі – ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері үй ауласынан табылған болатын. Ал олардың балалары Наурыз бен Мейрамгүл ұзақ уақыт бойы іздеуде болды.
Іздестіру жұмыстары бірнеше айға созылып, оған полиция, Ұлттық гвардия және арнайы техника тартылған. Тергеу барысында сарапшылар аумақты георадар арқылы да тексерген.
Қазір бұл іс бойынша қылмыстың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



