Фото: Нұрболат Нұржаубай
Атырау қаласында жергілікті журналист бопсалау ісі бойынша ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жеке компания басшысынан бейнематериал жарияламау үшін 10 миллион теңге сұраған, деп хабарлады qandastar.kz.
Полицияның хабарлауынша, ақшаның бір бөлігі — шамамен 4 миллион теңге — делдал арқылы берілген. Күдікті қаладағы қонақүйлердің бірінде ұсталып, қазір қамауға алынған.
Бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Құқық қорғаушылар оның іс-әрекетіне басқа адамдардың қатысы бар-жоғын тексеруде.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ саласында осындай бопсалау істері жиілеп келеді. Бұған дейін Жетісу облысында да бір блогер кәсіпкерден ақша талап еткені үшін сот үкімімен жазаланған болатын.