
Атырау облысында полиция қызметкерлері зиратты қорлау дерегі бойынша үш жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды qandastar.kz сайты «Мой Город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, Еркінқала ауылына жақын маңдағы зиратта бірнеше құлпытастардың сындырылып, қоршаулардың бүлінгені анықталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Күдіктілер анықталып, ұсталды. Оларды полиция бөліміне жеткіздік. Үшеуі де кәмелетке толмаған. Тергеу амалдары олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр», – делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексерілуде. Тергеу органдары заңда көзделген шаралардың барлығын атқарып жатқанын мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне қойылып, материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданады. Тергеу барысында құқық бұзушылардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Бұған дейін Атырау тұрғындары зираттағы бұзақылыққа байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Вандалдар құлпытастарды қиратып, қоршауларды бүлдіріп, металдан жасалған жарты айларды жұлып алып, жерге шаншып кеткен. Бұл жайтты алғаш жерлеу орнына келген жергілікті тұрғын байқап, полицияға хабар берген.


