Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Атыраудағы қылмыс: Күдікті күйеу баланың үйі тексеріліп жатыр

Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты іздеу жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Қазіргі таңда тергеу органдары Геолог мөлтек ауданында орналасқан күдікті үйді жан-жақты тексеріп жатыр. Тергеу барысында отбасы мүшелерінің тірі болмауы мүмкін деген нұсқа да қарастырылуда. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Politico.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу назары Геолог мөлтек ауданындағы уақытша жалдамалы баспанаға ауды. Аталған үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев жұбайы Ақбаянмен бірге тұрған.

Үй іші толық тінтіліп, жер астындағы нысандарды анықтау үшін Орал қаласынан арнайы георадарлар жеткізілді. Аула мен оған іргелес аумақтар қазылып, техникалық құралдармен мұқият зерттелді.

Алайда бұл аумақта бейнебақылау камераларының аздығы тергеуге қиындық туғызуда. Бар камералардағы жазбалар небәрі 15 күн ғана сақталады, бұл оқиға хронологиясын қалпына келтіруді күрделендіріп отыр.

Полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары көршілерден жауап алған. Дегенмен, Геолог мөлтек ауданының тұрғындары күмән тудыратындай жайттарды байқамағандарын жеткізген.

«Көршілердің айтуынша, уақытша баспанада тұрған отбасы тұйық өмір салтын ұстанған. Көшеге сирек шығып, ешкіммен араласпаған. Шу немесе жанжал да болмаған», — делінген материалда.

Ресми мәліметке сәйкес, барлық нұсқа қарастырылуда. Алайда іздеу жұмыстарының бағыты отбасы мүшелері қаза тапқан болуы мүмкін деген болжамға басымдық беріліп отырғанын аңғартады. Қазіргі уақытта оқиға орнында жылжымалы штаб жұмысын жалғастырып жатыр.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button