
Атырау қаласындағы Жилгородок саябағында жасөспірім қыздардың арасындағы жанжал жұрттың наразылығын тудырды. Оқиға кезінде бір қыз екіншісін аяусыз ұрып-соғып, тепкілегені бейнежазбаға түсіп қалған. Жәбірленуші кешірім сұрап, тоқтауын өтінгенімен, шабуылдаушы әрекетін жалғастыра береді, деп жазды qandastar.kz
«Кешір, өтінем, енді қайталамаймын…» – деп жалынған қыздың сөздері камераға анық түсіп қалған.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, жанжал колледж студенттері арасында болған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Шабуыл жасаған күдікті Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша оқшауланған.
Сондай-ақ, жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдер профилактикалық бақылауға алынып, материалдар Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданған. Бала тәрбиесінде заң талаптарын сақтамаған ата-аналар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, оқиға орнында болып, полицияға хабар бермей видео түсіріп, оны таратқан жасөспірім де жауапкершілікке тартылмақ.