Білім

Аудит қорытындысы: Жатақхана мәселесінде жүйе жоқ

Фото: Спутник.кз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақхана жетіспеушілігі мәселесін мойындады.  Министр мұның шешімін жеке секторды көбірек тартудан көреді.  Алайда Жоғары аудиторлық палата басқаны меңзеп отыр, – деп хабарлайды qandastar.kz

Жатақханадағы орын тапшылығы бұрыннан кең етек алған. Әр оқу жылының басы келеңсіздіктерге ұласады. 2023 жылдың қарашасында Алматыдағы хостелдердің бірінде болған қайғылы оқиғадан кейін (өрт салдарынан 13 адам қаза тапты), министрлікке айып тағылғаны тағы бар.

Бұл мәселені Алматыдағы оқиға алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Ол мұны механизм арқылы  шешуді министр Саясат Нұрбекке тапсырды. Саясат Нұрбек те министрлік құрыла салысымен аталған проблема күн тәртібінен түспегенін алға тартады.

«2021 жылы жеке бағдарлама іске қосылды, бүгінгі таңда 27 мың төсектік 127 нысан пайдалануға берілді. Жыл сайын 10 мың төсек-орын ашылады.

Біз үлгіре алмаймыз, бірден айтамын, себебі бір ғана ҰБТ-ға қарасақ, биыл 347 мың өтініш түсті, ол өткен жылғыдан біршама көп. Енді түйткілді жеке секторды тарту арқылы шешеміз», – деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда, Жоғарғы аудиторлар палатасы жағдай қашан өзгерері белгісіз дейді. Аудиторлар министрлікте болашақ қажеттіліктерді, демографиялық жағдайды және көші-қон процестерін ескере отырып, әртүрлі аймақтарда жатақханаларды енгізу жоспары жоқ екенін атап өтті.

«Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жыл сайын 10 мың жаңа орын пайда болу керек, бірақ облыстар мен қалалар бойынша бұл мәселеде нақтылық жоқ.

Жатақханаларда мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережелерінде де бірқатар жайт  ескерілмеген. Бюджет нақты қажеттілікке емес, жеткізушілермен жасалған келісім-шарт санына қарай қалыптасуда, – делінген ЖАП қорытындысында.

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың тәуекелдеріне келер болсақ, аудиторлар мемлекеттік органдардың, «Қаржы орталығы» АҚ (жатақхана құрылысы операторы), жоғары оқу орындары мен жеткізушілер жұмысының жүйелі жүргізілмейтінін ашық айтады. Жаңа орындар тек бизнестің бастамасымен ғана енгізілуде, ал бұл орындарды студенттермен толтыру  жеткізуші үшін қиындық тудырады.

Бұған қоса студент айына кемі 12 сағат жатақханада тұру керек, әйтпесе мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жасалмайды. Сәйкесінше сол айда студент оқудан шығарылған болса, қаржы да жоқ. Ал, бұл мәселелерді ретке келтіруді кім керек етпей отырғаны белгісіз…

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close