Жаңалықтар

Аудиторлық палата 3 өңірдің бюджет қаражатын талан-таражға салғанын анықтады

Фото: ашық дереккөз

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында жүргізілген тексерістер нәтижесінде әкімдіктер мен мемлекеттік ұйымдарда жалпы сомасы 962 миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтар тіркелді. Бұл тексерілген қаражаттың шамамен 70%-ын құрайды, деп жазды qandastar.kz

Ең көп заңбұзушылықтар Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстарында анықталған. Негізгі кемшіліктер – тиімсіз жоспарлау (472 млрд теңге), қаржылық заңбұзушылықтар (300 млрд теңге) және тиімсіз пайдаланылған қаражат (200 млрд теңге).

Палата баспасөз қызметінің хабарлауынша, алты ай ішінде 218 миллиард теңге мемлекетке қайтарылған немесе өтелген. Сонымен қатар 48 материал құқық қорғау органдарына жолданған.

Сарапшылар бұл мәселені жүйелі сипаттағы кемшілік ретінде бағалап отыр. Экономист Марат Абдурахмановтың пікірінше, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына азаматтардың бақылау тетігінің болмауы себеп.

«Дамыған елдерде салық төлеушілер мемлекеттік шығындарды бақылай алады. Бізде ондай ашықтық болмағандықтан, жауапсыздық артып отыр», – дейді Абдурахманов.

Экономист Бекнұр Қисықов та қаржылық менеджменттің жабықтығын сынға алды. Оның айтуынша, жобаларға алдын ала мониторинг жүргізілмегендіктен, көптеген кемшіліктер тек кейін анықталады.

«Салдарынан брусчатка жыл сайын жаңартылып, ресурстар ысырап болады», – деді ол.

Мамандардың пікірінше, антикоррупциялық және қаржылық мәдениетті арттыру, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалуына ықпал етеді.

 

Back to top button