Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген ауқымды аудит нәтижесінде бірқатар жүйелі проблемалар мен ірі көлемдегі қаржылық бұзушылықтар анықталды. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, қаржылық заңбұзушылықтар 28,3 млрд теңгені, ал бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану 112,4 млрд теңгені құрады, деп жазады qandastar.kz
«Qyzyljar» инфрақұрылымның жоқтығынан тоқырауда
Стратегиялық маңызды «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі салдарынан бірқатар нысан уақытында іске қосылмаған. Бұл инвесторлар сеніміне теріс әсер еткен. Сонымен қата, жергілікті бюджет қаражаты басым емес жобаларға, әкімшілік ғимараттарды қайта жаңғыртуға 7,3 млрд теңге, театр құрылысына 7 млрд теңге бағытталғаны сынға алынды.
38 тірек ауыл орталықтандырылған суға әлі қосылмаған
Өңірдегі 38 ауыл сапалы орталықтандырылған су жүйесінсіз отыр. Салынған 79 нысанның 22-сі (10 млрд теңге) әлі күнге дейін эксплуатациялық ұйымдарға тапсырылмаған.
Транспорт саласында жүйелі жоспар жоқ
Жолаушылар тасымалын дамыту бойынша кешенді жоспардың жоқтығы, жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын мониторингтеу жұмысының жеткіліксіздігі анықталды.
Мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар
Аудит барысында мемлекеттік сатып алуда бір көзден конкурссыз шарт жасау фактілері белгілі болды. Оның жалпы сомасы — 5,5 млрд теңге.
Құқықтық шаралар
111 факті бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жолданды. Бірқатар материалдар құқық қорғау органдарына берілетін болады.



