Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Аукционда Қонаевтың галстугы 12 млн теңгеге сатылды

Алматыда Social Impact Awards 2025 шарасы аясында қайырымдылық аукционы өтті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы kursiv.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шарада Қазақстанның танымал тұлғаларына тиесілі бірқатар құнды әрі ерекше заттар ұсынылды. Лоттар қатарында Қазақстан теннис федерациясы, Д.А. Қонаев қоры, Денис Тен қоры, Лермонтов театры, Герольд Бельгер отбасы, суретші Асель Кенжетаева және басқа да ұйымдар мен тұлғалардың сирек дүниелері болды.

Аукциондағы ең қызықты лоттардың бірі — белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің конькиі. Бастапқы құны 500 мың теңге болған спорттық жәдігерді қазақстандық әнші Ғалымжан Молданазар 2,5 миллион теңгеге сатып алды.

«Мен Денисті жақсы білетінмін, араласқанбыз. Ол өте жақсы, мейірімді жан еді. Енді оның конькилері менде естелік ретінде сақталатынына қуаныштымын», — деді ол.

Аукциондағы ең қымбат лот — көпшіліктің сүйікті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мойынбауы болды. Бұл құнды затты кәсіпкер Еркін Тәтішев 12 млн теңгеге иеленді.

Сонымен қатар аукционда «Асуға тұсау» спектакліне арналған Вячеслав Люйконың эскизі, Даниил Медведевтің қолтаңбасы қойылған теннис добы, Асель Кенжетаеваның «Құбырмен отырған әйел» картинасы, Питер Фостермен бір күн өткізу мүмкіндігі және Серік Толұқпаевпен стратегиялық ретрит те сатылымға қойылды.

Шара нәтижесінде жиналған 87 млн теңге әлеуметтік жобаларға грант ретінде бөлінеді. Ал аукционнан түскен қаражат ел бойынша жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын Lider.kz волонтерлік ұйымын қолдауға бағытталады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button