
Фото: ашық дереккөз
АҚШ президентінің жүкті әйелдердің парацетамол қолдануы мен аутизм арасындағы ықтимал байланыс туралы мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әсіресе, Ұлыбританиядағы қоғамдық ұйымдар мен аналар қауымдастығы бұл пікірге алаңдаушылық білдірді, деп жазды qandastar.kz
Сарапшылардың айтуынша, мұндай байланысты растайтын нақты ғылыми дәлелдер әлі жоқ. Аутизм спектрі бұзылыстары қазіргі таңда әлем бойынша 62 миллионға жуық адамда кездеседі, алайда оның нақты себебі әлі толық анықталмаған. Ғалымдар бұл жағдайды әртүрлі факторлардың ықпалымен байланыстырады.
Соңғы жылдары жүргізілген ірі зерттеулер жүктілік кезінде парацетамол (ацетаминофен) қолдану мен аутизм арасындағы тікелей байланысты дәлелдеген жоқ. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жүкті әйелдерге дәрігердің кеңесінсіз ешқандай дәрі қабылдамауға кеңес береді.
Мұнымен қатар, балаларға вакцина салу мен аутизм арасында байланыс жоқ екенін дәлелдейтін ауқымды ғылыми деректер де бар. 1999 жылдан бері ДДСҰ-ның тәуелсіз сарапшылары вакциналардың — құрамында тиомерсал немесе алюминий болса да — аутизм немесе даму бұзылыстарын тудырмайтынын бірнеше рет нақты растаған.