Жаңалықтар
Ауыл тұрғындарына 800 қаз балапаны тегін таратылды
Фото: «Ауыл Партиясының» ресми парақшасынан
Күні кеше Ақмола облысы Ақкөл ауданының Амангелді ауылында «Қаз хабы» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл тұрғындарына 15 күндік 800 қаз балапаны мен 625 келі құрама жем таратылды. Аталған жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын суда жүзетін құстарды өсіру технологиясына үйрету, ауыл жұртының табыстарын арттыру және болашақта кооперация құру.
Жоба аясында әр отбасы 160 қаз пен 125 кг құрама жем алып, 5 айдан соң қараша-желтоқсан айларында Астана қаласының инвестор-тұрғындарына таза салмағы 4,4 кг кем емес әрбір төртінші қазды қайтарады. Осылайша жобаға қатысушы инвесторларға 160 өскелең қаз балапанынан жалпы салмағы 176 кг таза етті құрайтын 40 қазды ғана қайтарады. Қалған 120 қаз жобаға қатысушысында қалады.
Яғни, оның қаз күтімін жақсы қамтамасыз еткен жағдайда, 5 ай ішінде шамамен 1 млн теңге табыс табу мүмкіндігіне ие.
Болашақта Ақкөл ауданында инкубациялық жұмыртқа өндіру, инкубаторий, мал азығы цехы, сою цехы, сойылған өнімді және мамық пен қауырсынды қайта өңдеу, етті консервілеу және тағы басқа үшін қаз фермаларын құру жобаларын қолға алу жоспарлануда.