
Мәжілісте “Ауыл” фракциясының депутаттары ауылдық елді мекендерге арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Олардың айтуынша, баспана тапшылығы ауыл халқының, әсіресе жастардың қалаға жаппай көшуіне басты себеп болып отыр.
Депутат Ерболат Саурықовтың сөзінше, мемлекет “Ауыл – Ел бесігі” жобасы арқылы инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлгенімен, ауылда тұрғын үй салуға тікелей бағытталған дербес бағдарлама әлі күнге дейін жоқ. Қазіргі қолданыстағы бастамалар инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды қамтығанымен, ауыл тұрғындарының баспана мәселесі жүйелі түрде шешілмей келеді.
Мәселені нақтылау үшін депутат Қызылорда облысының тәжірибесін мысалға келтірді. Онда қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алған сайын, ауыл жастарының қалаға көшу деңгейі де артқаны байқалған. Осыны ескерген жергілікті билік басымдықты ауыл-аймақтарда үй салуға бұрған.
Нәтижесінде соңғы үш жылда облыстың барлық аудандарында жаңа үйлер бой көтеріп, шамамен 1800 пәтер пайдалануға берілген. Ал биыл 3600 пәтер салуға республикалық бюджеттен 58,7 млрд теңге қарастырылған.
Осыған байланысты “Ауыл” фракциясы ауылдық елді мекендерге арнайы бағытталған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды ұсынып отыр. Депутаттардың пікірінше, бұл бастама “Ауыл – Ел бесігі” жобасын толықтырып, ауылда тұрақты өмір сүруге нақты мүмкіндік жасауы тиіс.
Саурықов сондай-ақ мемлекет есебінен салынатын үйлерді әлеуметтік санаттар бойынша бөлуді ұсынды. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасыларға, жас отбасыларға және ауылға қоныс аударғысы келетін азаматтарға арналған арнайы қолдау тетіктері қажет.
Бұдан бөлек, ауылда еңбек етіп, тұрмысын түзегісі келетін жастарды ынталандыру үшін “Туған жер, туған ел, өз ауылым” сияқты жаңа жобаларды іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті.



