Қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов 5 қаңтар күні 89 жасқа толды, деп жазады qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Өнер иесі Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жүрек толқытар жазба жариялады.
Иә, бисмилләхи-рахмани-рахим. Жазып та келем, айтып та жүрмін. Тұла бойы талантқа тұнған тау тұлғалардың тәлімін алып, тәрбиесін көрдім. Бірінші бақытым – Ахмет Жұбановтың шәкірті атанғаным. Екінші бақытым – Дінмұхаммед Қонаевтай бірегейдің ілтипатын көріп, ыждаһатпен қараған ықыласына бөлендім. Үшінші бақытым – консерваторияда оқи жүріп Шәмші Қалдаяқов әндерінің кіндігін алғаш кескен адаммын. Төртінші таудай бақытым – Нұрғиса Тілендиевпен 51-жыл дос болдым. Нұр Ағаның: Адалым-ау, Жалғызым-ау деп еркелеткен екі ауыз сөзі мен үшін мемлекеттік қай марапаттан да қымбат, қастерлі әрі қадірлі екенін астын сызып және бір айтқым келеді, – деп жазды ол.
Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы Талдықорған облысына қарасты Доланалы ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, кәсіби музыкалық білім алды. Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында бастап, кейін Қазақ радиосы мен телевизиясында қызмет атқарды.
1976 жылдан бастап ол Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің жетекші әншісі ретінде кеңінен танылып, бұл ұжымда шамамен 20 жылға жуық еңбек етті. Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы әндер қазақ сахнасының алтын қорынан ойып тұрып орын алды. Әсіресе композитор Нұрғиса Тілендиев арнайы жазған «Саржайлау», «Ақ құсым», «Жетісуым» сынды әндері тыңдарманның ерекше сүйіспеншілігіне бөленді.
Айта кетейік, 2019 жылы Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші журналист Жадыра Сейдешпен шаңырақ көтерген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



