Қазақстан соңғы 10 жылдың ең маңызды дипломатиялық қадамын жасап, Авраам келісіміне қосылды. Бұл қадам елдің инвестициялық рейтингін келесі жылға дейін жаңа сатыға көтеруі мүмкін деп бағаланып отыр, деп жазды qandastar.kz
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстандағы тұрақтылыққа ірі державалардың мүдделі болуы инвесторларға өте жақсы сигнал береді. «Егер хэдж-фондтардағы еврей капиталының кем дегенде 5 пайызы Қазақстанға бағытталса, еліміздің болашағына алаңдамай-ақ қоюға болады», – деді ол.
Сонымен қатар Авраам келісіміне қосылу Қазақстанға ауыл шаруашылығы, энергетика және қорғаныс салаларында Израильдің озық технологияларын қолдану мүмкіндігін арттырады. Айбар Олжаев Қазақстанды Израиль сияқты жоқтан бар жасап, дамыған мемлекетке айналған елдердің тәжірибесін үлгі тұтатын ел деп сипаттады.
«Қазақстан дипломатиясы өте мықты жүріс жасады. Енді оның жемісі міндетті түрде келеді», – деді сарапшы.
Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуы елдің халықаралық аренадағы беделін арттырып, стратегиялық әріптестермен қатынасты күшейтеді. Сарапшылар бұл қадамның экономикалық және технологиялық тұрғыдан елге жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады.


