Австралияның солтүстігінде нөсер жаңбыр салдарынан күшті су тасқыны болып, тұрғындарды жаппай эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Билік халықты су басқан аумақтарға бармауға шақырып отыр. Себебі мұндай жерлерде қатты ағынмен қатар қолтырауындар да қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Толассыз жауған жауын-шашын салдарынан Солтүстік аумақта жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. The Guardian басылымының мәліметінше, Дейли өзенінің жағасындағы Науиу ауылы толықтай эвакуацияланған.
Метеорология бюросының дерегіне сүйенсек, Кэтрин өзеніндегі су деңгейі 19,2 метрге дейін көтерілген. Бұл – 1998 жылғы ірі су тасқынынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал Дейли өзені әлі де тасып жатыр және су деңгейі 1957 жылғы тарихи межеден де асып кетуі мүмкін.
Солтүстік аумақтың су тасқынымен күрес қызметінің міндетін атқарушы Шон Гилл тұрғындарды су басқан аймақтардан алыс болуға шақырды. Оның айтуынша, мұндай жағдайда қолтырауындар су басқан жолдарда, арықтарда, өзен-көлдерде, тіпті көшелерде де пайда болуы ықтимал. Әлеуметтік желілерде қала көшесінде жүрген қолтырауынның видеосы тараған.
Қазіргі уақытта мыңға жуық адам уақытша баспаналарға орналастырылды. Құтқару жұмыстарына алты ұшақ пен 18 тікұшақ тартылған.
Су тасқынына байланысты кейбір мектептер мен мемлекеттік мекемелер уақытша жабылды. Кэтрин қалалық ауруханасынан бірнеше науқас қауіпсіз жерге көшіріліп, жүкті әйелдер алдын ала басқа медициналық мекемелерге ауыстырылды.
Метеорологтардың болжамынша, Дейли өзеніндегі су деңгейі кемінде тағы бір апта жоғары күйінде сақталуы мүмкін. Сонымен қатар Квинсленд штатында да нөсер жаңбыр күтіледі: кей жерлерде алты сағат ішінде 100 мм-ге дейін жауын-шашын түскен. Билік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.



